Павлодардағы банк бөлімшелерінің бірінде тортқа салынған петарданы жағу салдарынан зейнеткерлер зардап шекті. Олардың қазіргі жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Павлодардағы банк бөлімшелерінің бірінде болған еді. Ерлі-зайыпты телефон алаяқтарының талабымен банкке петарда салынған торт әкеліп, оны тұтатқан. Пиротехника жарылуы салдарынан қарт адамдар жарақат алды.
Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, зардап шеккендер - 75 жастағы әйел мен 78 жастағы ер адам. Екеуі де Павлодар облыстық ауруханасына жеткізілген.
"Әйелдің қолы жараланып, соққы алған және сырылған. Беті, мойны мен екі қолын I-II дәрежелі термиялық күйік шалған (денесінің 5 пайызға жуығы), сондай-ақ, көзі жеңіл дәрежеде күйген. Әйел тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге жіберілді", - деді дәрігерлер.
Дәрігерлердің айтуынша, ер адамға көздің жеңіл дәрежеде күюі диагнозы қойылған. Офтальмологиялық көмек көрсетілгеннен кейін ол да амбулаторлық емделуге жіберілген.
Бұл дерек бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды, күдіктілерді ұстау бойынша жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Ерлі-зайыпты бұған дейін телефон алаяқтарына алданып, жалған инвестициялық жобаларға ақша салған. Полицейлер дроппер рөлін атқарған адамдарды анықтап, жауапкершілікке тартты.
Сот тәртібімен жәбірленушілерге ұрланған қаражат қайтарылып жатыр. Соған қарамастан, алаяқтар жәбірленушілермен қайта байланысқа шығып, бұрын салынған қаражатты қайтарып беру желеуімен зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірген. Зейнеткерлер банктің ішінде алаяқтардың нұсқауымен торттағы петарданы тұтатқан.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!