Павлодарда зейнеткердің жері көршісінің меншігіне заңсыз өтіп кеткен

Павлодарда зейнеткердің жері көршісінің меншігіне заңсыз өтіп кеткен
Фото: depositphotos.com

Павлодарда зейнеткердің жері көршісінің меншігіне заңсыз өтіп кеткен. Сот жер қатынастары бөлімі мен Халыққа қызмет көрсету орталығының қателігін анықтап, оларға арнайы ұйғарым берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодардың Иса Байзақов көшесінде тұратын зейнеткер жалпы пайдаланудағы 600 шаршы метр жер учаскесіне иелік еткен. 2006 жылы әкімдіктің қаулысымен оған 0,0369 гектар жер жеке тұрғын үй салу және күтіп ұстау үшін рәсімделіп, кадастрлық нөмір берілген. Жер ортақ үлестік меншік нысаны ретінде тіркелген.

Алайда 1990 жылы көрші болып қоныстанған Н. кейін үй орналасқан жерді сыйға алып, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен жалпы ауданы 0,0864 га болатын жерге орналастыру жобасын әзірлеген. Бұл учаскеге зейнеткер Е.-нің жері де кіріп кеткен. Павлодар қаласының жер қатынастары бөлімі 0,0720 га (құжат бойынша — 0,0864 га) жер учаскесін бекітіп жіберіп, нәтижесінде Е.-нің жерінің кадастрлық нөмірі жойылып, көршісі меншік иесі болып шыға келген.

Зейнеткер сотқа жүгініп, бөлімнің бұйрығын жарамсыз деп тану және тіркеуді жоюды талап етті. Бірінші сатыдағы сот оның талабын қанағаттандырды.

Облыстық соттың мәліметінше, Н. апелляциялық шағым түсіргенімен, сот алғашқы шешімді заңды деп танып, өзгеріссіз қалдырды.

Сонымен қатар, Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жер қатынастары бөлімі мен "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына тиісті шаралар қабылдап, мұндай заңсыздықтарға жол бермеу туралы екі жеке ұйғарым шығарды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget