Павлодарда зейнеткер "қызың жол апатына кінәлі" деп хабарласқан кісіге 2 миллион теңгесін беріп қойды. Жедел іздестіру іс-шарасын өткізу барысында астаналық азамат ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бейтаныс ер адам 89 жастағы қала тұрғынының үйіндегі телефонға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қызының жол-көлік оқиғасына кінәлі екені жайлы айтқан. Қызы бар зейнеткер не істеу керегі жайлы сұраған. Ер адам мәселелерді шешу үшін 5 миллион теңге көлемінде ақша қажет екенін хабарлаған, алайда зейнеткерде мұндай сома болмаған. Қолында 2 миллион теңге бар екенін айтқан.
"Біраз уақыттан кейін пәтердің есігіне қоңырау соққан. Зейнеткер өзінің жинаған ақшасын есіктің алдында тұрған бейтаныс адамға берген. Көп ұзамай қызы үйге келгенде әлгі адамдар үй телефонына қайта қоңырау шалып, ақша жетпейтінін айтқан. Сол сәтте қызы анасының алаяқтарға алданып қалғанын түсініп, полицияға қоңырау шалды", – деп хабарлады ведомство.
Жедел іздестіру іс-шарасын өткізу барысында Павлодар облысы криминалдық полиция қызметкерлері Астананың 34 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!