Павлодарда туған анасы бесінші қабаттан лақтырып жіберген сәби көз жұмды

Павлодарда туған анасы бесінші қабаттан лақтырып жіберген сәби көз жұмды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Павлодарда туған анасы бесінші қабаттан лақтырып жіберген екі баланың бірі көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бала өлімі туралы Павлодар облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шакенова Instagram-парақшасындағы стористе хабарлады.

"Өкінішке қарай, дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, кішкентай ұлдың жүрегі тоқтап қалды", – деп жазды ол.

Бұл ақпаратты Павлодар облыстық балалар ауруханасы да растады. Онда дәрігерлер екі күн бойы сәбидің өмірі үшін күрескен.

"1 тамызда баланың жағдайы (2024 жылы туған - еск.) күн бойы өте ауыр және тұрақсыз болды. Кешке қарай жағдайы нашарлап, сағат 20:10-да жүрегі тоқтады. 20:40-та қайтыс болғаны расталды", – деп хабарлады аурухана өкілдері.

Айта кетейік, сәби ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген, алайда дәрігерлер жүрек соғысын қалпына келтіре алған. Сол күні кешке жағдайының күрт нашарлап, ағзасында қан кету салдарынан жансақтау бөлімінде жатқанда дәрігерлер жаншылған сол жақ бүйрегін алып тастауға мәжбүр болған. Отадан кейін жүрегі тағы да тоқтап қалғанымен, медицина қызметкерлері оны қайта қалпына келтірді.

Бала аса ауыр жағдайда қалған. Құлағаннан кейін оған үшінші дәрежелі жарақаттық шок, бассүйек-ми жарақаты мен ішкі ағзалардың контузиясы диагнозы қойылған.

Ал оның 7 жастағы ағасының жағдайы жақсарған. 31 шілдеде ол травматология бөліміне ауыстырылған.

Еске салайық, 30 шілдеде Павлодарда әйел өз пәтерінің бесінші қабатынан 1,5 және 7 жастағы екі ұлын лақтырып, артынша өзі де секіріп кеткен. Үшеуі де бірінші қабаттың жабынына құлаған.

Көршілерінің айтуынша, бұл әйел былтыр да пәтерінің терезесінен секірген. Қазір оқиғаның себептерін полиция анықтап жатыр. Кісі өлтіруге оқталу және өзін-өзі өлтіру деректері бойынша қылмыстық істер қозғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел психикалық аурухананың есебінде тұрған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget