Павлодарда тойда астан уланып, жаппай ауруханаға түскен науқастарға нақты диагноз қойылды. Зертхана қорытындысы бойынша олардан сальмонеллез анықталған. Іші өтіп, өзін жайсыз сезінген 30-дан аса адам әртүрлі уақытта бір мейрамханаға тойға барған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
8 маусымда өткен қыз ұзату тойының қонақтары мейрамханадан кейін ауруханаға жеткізілген. Ертесіне сол тойханада өткен тағы бір қуанышты дастарханның қонақтары да дәрігерлерге жүгініпті. Жалпы саны 20 адам ауруханаға жатқызылса, 14 науқас үйінде емделген.
Мамандар тойханадағы ыдыс-аяқтар мен қызметкерлерден түрлі сынама алған. Тексерген кезде бұл мейрамхананың санитария-эпидемиологияға қатысты рұқсаты жоқ болып шыққан. Тура сол күні тойхананы жабуға қаулы шығарған. Бірақ иесі келесі күні басқа той өткізіп, оның да қонақтары жаппай ұшынған.
"Науқастарға сальмонеллез энтерит диагнозы қойылды. Бактерия ет, сүт өнімдерінде болған. Іс полицияға жолданды", - деп жазылған хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова