Павлодарда төрт жасар бала сауда үйіндегі ойын алаңында биіктен құлады

Павлодарда төрт жасар бала сауда үйіндегі ойын алаңында биіктен құлады
Фото: newsmir.info

Павлодарда төрт жастағы бала сауда үйіндегі ойын алаңында биіктіктен құлады. Ол ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде сауда-ойын орталықтарының бірінде жіптерден тартылған лабиринттен төрт жасар бала құлап, жарақат алғаны туралы хабарлама тарады.

"Демалыста балаларым ата-апасымен бірге ойын алаңына барды. Ол жерде кіші ұлым 5-8 метр биіктен құлады. Оның мұрнынан, аузынан қан ағып, қатты қорқып, есеңгіреп қалды. Ортаншы ұлым да құлай жаздады, алайда оның аяғы оралып қалды", - деп жазды зардап шеккен баланың анасы. 

Облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

"Жарақат алған кәмелетке толмаған бала ауруханаға жатқызылды. Осыған байланысты емделгеннен кейін ауру анамнезі негізінде сот-медициналық сараптама тағайындалады, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады", - деп хабарлады ведомство.

Сондай-ақ тексеріс кезінде жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 12 қаңтар күні сағат 13:16-да болған. Төрт жасар бала мидың шайқалуы диагнозымен облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді.

Кезекші травматологтың қарауы кезінде балада травматикалық зақым анықталған жоқ. Бала динамикалық бақылау үшін ауруханаға жатқызылды. Қазір оның жағдайы тұрақты.

Облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева бұл жағдайды жеке бақылауында ұстайды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан