Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2024 жылдың маусым айында С. алкогольдік масаң күйде болып, Павлодардағы үйдің ауласында бұрынғы танысы К-ны кездестірген. Әңгіме барысында олардың арасында кикілжің туындап, К. С-ға былапыт сөздер айтып, сонымен қатар дене жарақатын саламын деп қорқытқан. Бұған жауап ретінде С. үйден асхана пышағын алып, көшеге қайта оралып, К-ның ішіне және денесіне бірнеше рет пышақ сұққан. К. алған жарақатынан жерге құлаған кезде, С. соққы беруді жалғастырған. Соның салдарынан К. қылмыс орнында қайтыс болды. С. полиция қызметкерлерінің келуін күтіп, оларға еш қарсылық көрсетпеген", - деді соттың баспасөз қызметі.
Прокурор бұл әрекет үшін 15 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші К-ның туыстары мен оның өкілі мемлекеттік айыптаушымен толық келісті. Сотталушы мен оның адвокаты бұл істі абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру ретінде саралауды сұрады.
"Алқабилердің бірауыздан шығарған шешімі бойынша С. жәбірленушіні қасақана қазаға ұшыратуда кінәлі деп танылды. Заң бойынша оған 14 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сотталғандығының болуына байланысты С-ның әрекеті қылмыстардың қауіпті қайталануы деп танылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді", - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз