Павлодарда көші-қон полициясының қызметкері сотталды. Ол 100 мың теңге пара алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодардың №2 соты пара алу фактісі бойынша (ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі) көші-қон полициясының қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарады.
"Сотталушы 2022 жылдың 31 тамызы - 2023 жылдың 23 сәуірі аралығында шетел азаматынан көші-қон заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны және Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат бергені үшін жалпы сомасы пара ретінде 100 мың теңге алған", - деп хабарлады Павлодардың №2 сотының баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденді.
Пара алғаны үшін (ҚК-тің 366-бабының 2-бөлігі) заң бойынша негізгі жаза ретінде айыппұл немесе үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сот қылмыс жасау ұзақ мерзімді, жүйелі түрде болғанын, істің мән-жайын және сотталушының жеке басын ескере отырып, неғұрлым жеңіл жаза, яғни айыппұлды тағайындауға негіз көрмеді. Сонымен қатар, сот кінәсін толық мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсене көмектесуін және оның жасын ескере отырып, төмен мерзім – үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ "полиция аға лейтенанты" арнаулы атағынан және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз