- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодарда пара алған...
Павлодарда пара алған екі шенеунік сотталды
Павлодарда пара алған екі шенеунік сотталды, олардың біреуіне айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар қаласы № 2 сотында облыс орталығының жер қатынастары бөлімінің басшысы және қала әкімінің көмекшісіне қатысты пара алу (ҚК 366-б. 2-б., 366-б. 3-б. 4) т.) , кәсіпкерге қатысты пара беру (ҚК 367-б. 2-б.) және делдалға қатысты парақорлыққа делдал болу, құқық беретін көрінеу жалған құжатты қолдан жасау және пайдалану, бірнеше рет пара беру және пара беруге оқталу фактілері (ҚК 368-б. 1-б., 385-б. 1-б., 24-б. 3-б.- 367-б. 3-б. 3) т., 367-б. 3-б. 3) т.) бойынша қылмыстық істер қаралды.
Осы жылдың наурыз айында Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы бола отырып, делдал арқылы жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерден 200 мың теңге сомасында пара алды. Кейіннен делдал көрінеу жалған құжатты жер комиссиясына беру үшін дайындап берген.
Ал шілдеде делдал ұсынылған құжаттар бойынша мәселені шешу үшін Павлодар әкімінің көмекшісіне 200 мың теңге сомасында пара берген. Одан кейін шенеунік тамызда процесті жеделдету және оның өкілеттігіне кіретін іс-әрекеттерді жағымды шешу және жалпы қамқорлығы үшін тағы 150 мың теңге сомасында пара алған.
Сот қала әкімінің көмекшісі және делдалдың бірнеше рет ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағанын және неғұрлым белсенді рөл атқарғанын ескере отырып, оларды жеті жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады. Ал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысына кінәсін мойындауын, асырауында үш жас баланың болуын ескере отырып, пара сомасының 50 еселенген мөлшерінде, 10 миллион теңге сомасында айыппұл тағайындады.
Кәсіпкерге қылмыс жасаудағы рөлін, кінәні толық мойындауын және ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескере отырып, пара сомасының 26,6 еселенген мөлшеріндегі айыппұл түріндегі жаза тағайындады.
Сотталған лауазымды адамдар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан