Павлодарда ойын алаңында жүрген баланы ток соққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz басылымына сілтеме жасап.
Қамзин көшесі, 80 мекен жайында орналасқан ойын алаңында баланы ток соққан. Темір бағанаға тиіп, сол қолын күйдірген бірінші сынып оқушысы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, науқас амбулаторлық емдеуге жіберілген.
"Көбіне ата-аналар мұндай жағдайда ауруханаға жатқызудан бас тартады. Егер жағдай ауыр болса, науқас кардио-неврологиялық бөлімшеге, ал күйік болса, комбустиологтың бақылауымен жарақат бөліміне жатқызылады", – деді аурухананың жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі Фируза Милушева.
Биыл облыстық балалар ауруханасына электр тоғынан зардап шеккен он бала түскен. Былтыр мұндай науқастардың саны 14 болған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, Қамзин көшесі, 80 мекен жайындағы балалар алаңының үстінен өтетін ескі электр желісі трансформаторлық қосалқы станциядан дүкенге және "Пегас" жанармай құю бекетіне дейін жетеді.
Қала әкімдігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, тұрғын үй инспекциясы және "ПАВЛОДАРЭНЕРГО" мекемесінің қызметкерлері оқиға орнына барып, ақауларды жойды.
Бүгінде бұл электр беру желісіне кім жауапты екені анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін де Павлодар тұрғындары осы мәселеге қатысты жанайқайын айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!