Павлодарда отқа оранған дүкенде қызметкер көз жұмды. Құрылыс материалдары жанып, ғимарат өртенген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана көшесінде орналасқан құрылыс материалдары дүкенінде өрт шыққан. Шақырту орнына өрт сөндіру бөлімшелері, жедел құтқару жасағы мен апаттар медицина орталығы дереу жіберілген.
"Өртсөндірушілер тез арада 40 шаршы метр алаңдағы өртті сөндіруге кірісті. Жұмысты қатты түтін қиындатты. Ғимараттан бір газ баллоны шығарылды. Өрт шыққан жерден 1965 жылы туған дүкен қызметкерінің денесі табылды", - деді департамент өкілдері.
Оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында мектептің түгі қалмай өртеніп кеткені хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова