Павлодарда өрт шыққан пәтерден зейнеткер өлі табылды

Павлодарда өрт шыққан пәтерден зейнеткер өлі табылды
Фото: depositphotos.com

Павлодарда өрт шыққан пәтерден зейнеткер өлі табылды. Үш бөлмелі пәтерде жиһаз өртенді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, таңғы сағат 04:49-да Рылеев көшесіндегі көпқабатты үйдің жанып жатқаны туралы хабар жеткен.

"Оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер үш бөлмелі пәтерді тез арада сөндіруге кірісті. Жалпы ауданы төрт шаршы метрде үй заттары, жиһаздар мен ағаш еден жанды", - деп хабарлады департамент.

Көпқабатты үйден өз бетінше 17 адам мен үш бала эвакуацияланды. Өртсөндірушілер үш тұрғынды шығарды.

"Өртті сөндіру кезінде 1959 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен төрт техника жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте 52 жастағы әйел өз үйінде шыққан өрт кезінде қаза тапқанын хабарлаған едік. Оқиға екі қабатты үйде болған.

Жалын әуелі үйдің бірінші қабатын шарпыған. Дәл сол жерде Түркістан облысының тергеу соты төрағасының бұрынғы әйелі, 52 жастағы әйел болған. Марқұмның отбасы қайғылы оқиғаның себебі оларға жұмбақ күйінде қалып отырғанын айтты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан