Павлодарда төбелескен оқушы арнайы мектепке жіберілуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл істі полицейлер қарастырып жатыр.
Басылым мәліметінше, Шәмкенов атындағы мектеп-лицейдің маңында жетінші сынып оқушысы құрдасын соққыға жыққан. Әлеуметтік желіде тараған видеода қыздардың бірі екіншісін ұрып, шашынан ұстап, тізесімен бетінен тепкені көрінеді. Видеоға қарағанда, оқиғаның үш куәгері болған.
Мәліметке сүйенсек, қыздар Шәмкенов атындағы мектеп-лицейде жетінші сыныпта оқиды.
"Тексеріс жүргіздік. Төбелеске қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Бала тәрбиесіндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қызды ұрған оқушының заңды өкілі жауапқа тартылды", - деді Полиция департаменті өкілі.
Сондай-ақ, мектеп оқушысының тәртібін кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау комиссиясы қарайды. Оқушыны девиантты балаларға арналған арнайы мектеп-интернатқа жіберу жоспарланып отыр. Мекеме Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск қаласында орналасқан.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысының полициясы жоғары сынып оқушылары 6-сынып оқушысын соққыға жыққан оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл оқиғаның видеосы да әлеуметтік желіде тарап кетті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова