Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатып алынып, сынау жүргізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі @Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанна Биятанның айтуынша, өндірушілердің сенімділігі мен азаматтардың тауардың сапасына қатысты ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында тексерілген аккредиттелген зертханалардың мәліметтері негізінде Павлодар облысында сәйкессіздіктер анықталған азық-түлік тауарларының 36 сынамасы сатып алынды.
Зерттеулер нәтижесінде көптеген жарамдылық мерзімі өтіп кеткен және бұрмаланған тауарлар анықталды. Сонымен қатар көптеген өнімдердің қажетті таңбаламасы, сәйкестік туралы сертификаты мен декларациясы жоқ, бұл техникалық регламенттердің талаптарын бұзу болып табылады. Оған қоса, бірқатар тауарлардың шыққан жері туралы мәліметтер толық емес немесе мүлдем жоқ болған.
"Мысалы, "Караван" көтерме-сауда үйінде мерзімі өтіп кеткен күнбағыс майлары, бірнеше шұжық түрлері, мүлдем ақпараты жоқ күнбағыс майлары мен сәйкестік туралы сертификаты мен декларациясы жоқ Ресей мемлекетінің кәмпит өнімдер анықталды. Бұдан бөлек, облыста заңсыз әкелінген тауарлар өте көп. Мұндай тауарлар адам өміріне қауіпті", - деді Жанна Биятан.
Мерзімі өткен май мен шұжық үшін кәсіпкерлерге екі мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады, бұл - жеті миллион теңгеден астам қаражат.
Айта кетейік, Жанна Биятанның сөзінше, Қазақстан бойынша да бірқатар өрескел бұзушылықтар анықталған: көптеген шетелдік өнімдер мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмеді, сиыр етінен доңыз және тауық етінің ДНҚ-сы, сондай-ақ жоғары ГМО мөлшері анықталды.
"Тез бұзылатын өнім зертханаға екі сағаттан кешіктірілмей жеткізілуі тиіс. Жергілікті өнімдерді біз бәрін зерттеуге болатын үлкен зертханаға жеткізе алмадық", - деді қоғамдық бірлестіктің өкілі.
Бұдан бөлек, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнамадағы олқылықтар анықталған. Мысалы, қарапайым тұтынушыға фискалдық түбіртексіз немесе басқа да куәландыратын құжаттарсыз қауіпті тауарды сатып алу фактісін дәлелдеу қиын. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес бұлтартпас дәлелдер болған жағдайда ғана шағымдар беріледі. Бұл азаматтарға қосымша қиындықтар туғызуы әбден мүмкін.
Осындай мәселелерге тап болған әрбір сатып алушы eOtinish сервисі арқылы немесе ҚР сауда және интеграция министрлігінің облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің сайтына шағым бере алады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!