Павлодардағы №9 мектепте дене шынықтыру сабағында 6-сынып оқушысын ұрып, мұрнын сындырған. Соққыдан кейін бала бірнеше минут бойы ессіз жатты. Бұл туралы бала анасына айтып берді. Мектеп әкімшілігі сабақ өтіп жатқан стадионға қарайтын камераларды көрсетуден бас тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
"Дене шықтыру сабағы неге қараңғыда жүргізіледі? Мектеп стадионында неге жарық жоқ? Ешкім жедел жәрдемді шақырмаған, әкімшіліктен де маған қоңырау шалмады. Осы жағдай туралы баламның аузынан естіп, білдім", - деді оқушының анасы.
Оқиғадан кейін мектепте ата-аналармен жиналыс ұйымдастырылды. Зардап шеккен 6-сынып оқушысының анасының айтуынша, директор одан полицияға хабарласпайтыны туралы қолхат алған, бірақ соған қарамастан, анасы құқық қорғау органдарына өтініш жазған.
"Кәмелетке толмағанның заңды өкілі баланы тәрбиелеу, құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кінәлі оқушы мектепішілік бақылауға алынды", – деді Павлодар облысының полиция департаменті.
Материал сотқа жіберіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!