Павлодарда математика мұғалімі оқушының арқасынан нұқып қалған

Павлодарда математика мұғалімі оқушының арқасынан нұқып қалған
Фото: depositphotos.com

Павлодарда жас мұғалім тақтада есеп шығарып тұрған оқушының арқасына бұраншегемен нұқып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл жағдай сыныпта орналасқан видеобақылау камерасына түсіп қалған.

"Тоғызыншы сыныптағы алгебра сабағында математика пәнінің мұғалімі тақтада тұрған оқушының жанынан өтіп бара жатып, оны белгісіз затпен ұрып қалған. Бұл сабақ бейнебақылау камерасы орнатылған кабинетте өткізілді. Видеода мұғалімнің шкафқа жақындап, бұраншегені бұрап алып жатқанын көруге болады, содан соң ол сонымен оқушыны нұқып қалады", - деп түсіндірді Павлодар білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.

Оның айтуынша, жоғары сынып оқушысын медбике тексерген, бірақ иненің іздері табылмаған.

"Сондай-ақ баланы жедел жәрдем бригадасы тексерді. Ата-аналарға сіреспеге қарсы екпе алу үшін облыстық балалар ауруханасына бару ұсынылды, бірақ ата-аналар жеке клиникаға жүгінетіндерін айтып, бас тартты. Мұғалім өз ісіне өкініп, ата-анасынан кешірім сұрады", - деді Қыдыралин.

Жоғары сынып оқушысының туыстары мұғалім жасөспірімге ине тығып алды деп санайды.

"Інім мектептен келіп, математика сабағында оны ағайы тақтаға шақырғанын және есепті шешіп жатқанда мұғалім келіп, оның арқасына ине тығып алғанын айтты. Мұның бәрі сыныпта орнатылған бейнекамераға түсті. Ата-анасының сұрақтарына мұғалім неге олай істегенін білмейтінін, өз әрекеттерін түсіндіре алмайтынын айтты", - деді оқушының үлкен әпкесі.

Мектеп директоры әлеуметтік желіде мұғалімнің жұмыстан шығарылғанын хабарлады.

"Мектеп әкімшілігі оқушыға қатысты заңға қайшы әрекеттер жасаған мұғаліммен еңбек шартын бұзды", - деп түсіндірді мектеп директоры Гүлмира Ниязбекова.

Павлодар облысының полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Полиция қызметкерлері көрінеу кәмелетке толмаған адамды ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр", - деп жауап берді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова