Павлодар қаласына қарасты Ленинский кентінің атауы өзгеретін болды. Көпшілік дауыспен елді мекен атауы енді Атамекен деп аталатын болды,- деп хабарлайды Massaget.kzтілшісі.
11 мыңнан аса тұрғыны бар Ленинский кенті облыс орталығына қарайды. Оның атауын өзгерту мәселесі жеті жылдан бері дау тудырып келеді. Ауылдың бір топ ақсақалдары кентке Қазанғап би есімін беруді көп жылдан бері көтеріп келе жатқан. Алайда, тұрғындардың басым көпшілігі адам есімін беруге қарсы болған.
"Содан бері кенттің атауын ауыстыру мәселесі күн тәртібінен түсіп қала берді. Адам есімін беру дау тудыратын болған соң өңір билігі елді мекенге Атамекен деп атауға мүдделі болды. Кентке соңғы жылдары шет елдерден көшіп келген қандастар көп қоныстануда. Сол себепті Атамекен атауы лайық, - дейді қоғамдық тыңдауға қатысқан тұрғындар.
Кент тұрғындарымен өткен қоғамдық тыңдауда көптеген пікірлер айтылды. Соңында Қазанғап би мен Атамекен атауы дауысқа салынды. Жергілікті қауымдастық мүшелерінен елу адам дауыс беру құқығына ие болған. Олардың 49-ы Атамекен атауын қолдады, бір адам ғана Қазанғап биге дауыс берді. Осылайша, Ленинский кенті Атамекен деп аталатын болды. Патшалық Ресей кезінде елді мекен нөмерленіп "Жетінші ауыл" деп аталды. Ал, 1965 жылдан бастап Ленинский атауын алған. Кенттің атауын өзгерту жөнінде ұйымдастырылған қоғамдық тыңдаудан кейін қуаныштары қойнына сыймаған жергілікті тұрғындар Қазақ елінің туын көтеріп, "Атамекен" әнін шырқады.
Е. Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!