Павлодарда ер адам әйеліне шабуыл жасап, пышақтап тастады. Әйел бес жерінен пышақ жарақатын алған, оның екеуі басы мен бетіне тиген. Қазір ол ауруханада. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жәбірленуші үш кішкентай баланың анасы, олардың ең кішісі алты айлық. Павлодарлық әйелдің айтуынша, жұмыстан қайтып келе жатқанда күйеуі оған шабуыл жасаған.
"17 қарашада күндіз күйеуім жасырын нөмірден қоңырау шалып, мені өлтіремін деп қорқытты. Кешке жұмыстан шығып, үйге бару үшін әкемнің келуін күтіп, көшеде келе жатқанмын. Күйеуім аңдып, артымнан ерген. Әпкеммен телефон арқылы сөйлесіп келе жатқан едім, кенет басыма соққы тигенін сездім. Бұрылып, қарсыласа бастадым, ол бетімді кесіп жіберді, сосын иығыма және сол қолыма пышақ сұға бастады. Телефонға мені өлтіргелі жатыр деп айқайладым, ол пышақты қалтасына салып, кетіп қалды. Көп қан жоғалтып, өліп қала жаздадым", - дейді 30 жастағы Айдана Әбдірахманова.
Ол өзі полицияға хабарласып, жедел жәрдем шақыруды өтінген. Бір апта бұрын ер адам үйге мас болып келіп, жанжал шығарып, заттарын жинап, кетіп қалған.
"Күйеуім қорғау нұсқамасын бұзды, сот оған айыппұл салды. 7 қарашада мен ажырасуға арыз бердім. Осы уақыт бойы маған тыным бермеді. Полицияға бардым, төрт арыз жаздым, учаскелік полиция оларды қабылдады, бірақ ешқандай қорғау болған жоқ. 10 қарашада жұмыстан келе жатқанымда күйеуім маған шабуыл жасап, бірнеше рет бетімнен ұрды", - дейді әйел.
Павлодарлық сот-медициналық сараптамадан өткен. Бірақ бұл оқиға бойынша әлі сот болған жоқ. Соңғы шабуылға келсек, полиция мәліметінше, факт тексеріліп жатыр.
"Материал Павлодар қалалық ПБ Орталық полиция бөліміне тіркелді. Тексеру жүріп жатыр", - деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Сондай-ақ, департамент сараптама тағайындағанын, оның қорытындысы бойынша, процессуалдық шешім қабылданатынын айтты. Полициядан бөлек павлодарлық келіншек "НеМолчиkz" қорынан да көмек сұраған. Әйел өзін күйеуінен қорғап, объектив тергеу жүргізуді сұрайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!