Павлодарда құны 1 миллион доллар тұратын жер үшін дау туды

Павлодарда құны 1 миллион доллар тұратын жер үшін дау туды

Павлодар қаласының Усолка шағынауданындағы 42 соттық жер дауға айналды. Қаншама жыл бос тұрған учаскені белгісіз біреулер қоршап алған. Бұл жерде қыста сырғанақ орнатылып, балалар қуанышқа бөленетін. Шағынаудан тұрғындары түрлі мерекені осы аумақта өткізетін еді. Енді ол жер жекенің меншігіне өтіп кеткеніне халық наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындар бұл жер нақты кімге тиесілі екенін алғашында білмеген.

"Бұл әуел баста кардиоорталықтың учаскесі деп еститінбіз. Аудандар мен басқа қалалардан науқастарды санавиациямен жеткізгенде тікұшақ қонатын жер деп айтылған. 3-4 жыл бұрын бұл жерге біреулер "құрылыс саламыз" дегенде тұрғындар қарсы болдық. Сол кезде сауда ойын-сауық орталығын салмақ болған. Бұл жерге негізі ешқандай құрылыс салып керегі жоқ. Балалар ойнайтын спорт алаңын салса жақсы болар еді. Мерекелерде халықтың жиналатын жері, қайта сахна құрып қойса тіпі керемет болады", - дейді шағынаудан тұрғыны Қуаныш Садығазин.

Тұрғындардың сөзінше, мұнда балаларға арналған орын салу - ең дұрысы.

"Усолкада ине шаншар жер қалмады. Қыста осы жерге балаларымыз сырғанақ теуіп мәз болатын. Бұл жерді скверге айналдырған дұрыс немесе балалардың ойын-сауық орталығын салып берсін. Тұрғын үйлерден тұншығып барамыз", - дейді тағы бір тұрғын Бекболат Сауырбай.

Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мәліметінше, бұл аумақ 2015 жылы жеке меншікке бес жылға жалға берілген. Алайда ол екі жылдан кейін өзге бір адамға сатып жіберген. Ол кезде жерді пайдалану мақсаты ойын-сауық орталығын салу болған. Кейін 2020 - 2021 жылдары жер учаскесінің мерзімі екі рет ұзарған. Ал былтыр қазанда жер телімін пайдалану уақыты тағы екі жылға ұзарып, мақсаты да өзгертілген. Яғни, ол жерге 6-7 қабатты көппәтерлі тұрғын үй салынатын болып шыққан.

Нарықтағы құны 1 миллион доллар тұратын аумақты қазір кім иеленгенін әкімдік өкілдері ашып айтпады. Ал тұрғындар ол жерге көпқабатты үй салынуына үзілді-кесілді қарсы.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова