Павлодарда көпбалалы әйел өзін өртеп жібермек болды

Павлодарда көпбалалы әйел өзін өртеп жібермек болды
Фото: Tengrinews.kz

Павлодарға қарасты Мойылды ауылында тұратын көпбалалы әйел өзін өзі өртеп жібермек болды. Оны құрбысы құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Куәгерлердің айтуынша, 34 жастағы келіншек үстіне жанармай құйып тұтатқан.

"Денесінің 36 пайызын термиялық күйік шалған. Аяқ-қолы (2-дәрежелі) күйген. Науқас жедел жәрдеммен қалалық №1 ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.

1990 жылы туған әйелдің бес баласы бар. Күйеуі Ресейде вахталық жұмыста.

"Көпбалалы отбасы. Атаулы әлеуметтік көмек алады. Күйеуі вахтада. Ешқандай талабы болған жоқ. Осы ауылда әжелері тұрады. Қазір үш естияр баласын әжесінің қолында қалдырып, екі кішкентайды әйелдің шешесі алып кетті", - дейді Мойылды ауылының әкімі Жеңіс Әбікен.

Оның айтуынша, қазір мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.

Е.Базарқұл

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz