- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сот үкімі
Павлодарда қонағын өлтірген тұрғын сотталды
Павлодарда қонағын өлтірген тұрғын сотталды. Жәбірленуші сотталушыға мессенджерде былапыт сөздер айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.
"2024 жылғы шілде айында сотталушы О. өз үйінде қонақтары А. және Б-мен спирттік ішімдік ішкен. Кейін А. көшеге шығып, телефон арқылы, одан әрі WhatsApp мессенджеріндегі "Группа для общения" жалпы қалалық чатында дауыстық хабарламамен О-ға былапыт сөздер айтып, дене жарақатын саламын деп қорқытқан. Осы жағдайдан кейін масаң күйде болған О-да А-ны өлтіру ниеті пайда болған", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Ол пышақ алып көшеге шыққан. Сотталушы А-ның кеуде тұсының сол жағына және сол қолына соққы жасаған. Жәбірленуші жедел қан жоғалту нәтижесінде алған жарақаттарынан қайтыс болған.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейне жазбалармен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
О. жәбірленушіге жарақат салғанын жоққа шығармағанымен, өзінің іс-әрекетін онша ауыр емес бапқа қайта саралап, "абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" деп тануды сұрады.
"Сот сотталушының асырауында кәмелетке толмаған екі баласының болуын және кінәсін ішінара мойындағанын ескеріп, О-ға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар марқұмның әйелінің пайдасына, әкесіз қалған кәмелетке толмаған бес баласын есепке ала отырып, он миллион теңге моральдық зиян өндірілді", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан