- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодарда қайын інісі...
Павлодарда қайын інісі жүкті жеңгесін өлімші етіп сабаған
Павлодарда қайнысы жүкті жеңгесін өлімші етіп сабаған. Салдарынан іштегі бала шетінеді. Сұмдық оқиғадан әйел есін жоғалтып алған. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұл іске қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті қамауға алынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Гүлмерей Қарсыбаева - 28 жаста. Ол қазір ауруханада жатыр. Қатты соққыдан басы жарылып, миы шайқалған. Өзін кімнің ұрып соққанын да есіне түсіре алмады. Ал аяғының ауыр болғанын ғана біледі.
"Иә, мен жүкті екенімді білдім. Ол менің есімде. Менің ішімде қыз болды. Мен көтергеннен бастап қыз болды", - дейді зардап шегуші Гүлмерей Қарсыбаева.
Дәрігерлер науқастың ауруханаға ауыр жағдайда келгенін айтады. Бір уақытта екі бірдей ота жасаған. Олар жарылған басын тігіп, шайқалған миын салыпты. Ал іштегі 9 айлық баланы кесір тілігі арқылы алған. Бірақ нәресте соққыдан көз жұмған болуы мүмкін. ол өлі туылыған.
"Науқастың басындағы жарықтың көлемі 8-9 сантиметрдей болды. Біз оның зақымданған бөлігін алып, орнын тіктік. Бас ми жарақаты кезінде есін жоғалту - қалыпты құбылыс. Уақыт өте келе біртіндеп қалыпқа келеді", - деді Павлодар қалалық №1 аурухананың дәрігері Дәурен Сафиулла.
Ал жеңгесін соққыға жыққан жігітке қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті қамауға алынған. Оның қылмыс жасаған кезде есірткі қолданғаны анықталды.
"Полиция кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша тергеу бастады. Аса ауыр қылмыс жасаған күдікті қамауға алынды. Күдікті есірткіге мас күйінде үлкен ағасының жұбайына дене жарақатын салғаны анықталды. Жарақат алған әйел ауруханаға жатқызылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілмейді", - деді қалалық ПБ оңтүстік ПБ басшысының орынбасары Әлібек Салатов.
Ал қайнысының не себепті жеңгесін сабағаны беймәлім. Жеңгесі де оқиғаның қалай болғанын есіне түсіре алмады. Сол сәтте күйеуі де үйде болмапты. Енді істің мән-жайын сот анықтайтын болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек