Мәскеуде 1999 жылы жасалған қарақшылық шабуылға байланысты Павлодар облысында іздеуде жүрген ер адам ұсталды. Ол 27 жыл бойы полициядан бой тасалап келген, деп хабарлайды Massaget.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, операцияны өңірдің криминалдық полиция басқармасынан іссапарға жіберілген жедел-іздестіру тобы Ресей ІІМ-нің Мәскеу облысындағы қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген.
Ер адам жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар барысында ұсталды.
Полиция дерегінше, 2026 жылдың он айында қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікке ілінген немесе сотталған 82 адам іздеуде болған. Олардың 62-сіне аумақтық полиция бөлімшелері биыл іздеу жариялаған.
Осы кезеңде соттан бой тасалап жүрген 73 адамның жүрген жері анықталды.
Бұдан бөлек, Павлодар облысының аумағында өзге мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздеген 31 адам табылды. Қазақстаннан тыс жерлерде тағы жеті адам іздестіріліп табылған.
Өңірлік полиция департаменті бой тасалап жүрген адамдардың жүрген жерін анықтау және оларды ұстау жұмыстары облыс прокуратурасымен бірлесіп жүргізілетінін атап өтті. Жедел іс-шаралар шетелде де ұйымдастырылады.
Ведомствоның мәліметінше, іздестіру қызметі полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!