- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тұрғындардың шағымы
Павлодарда жылы аялдамалардың сапасы сын көтермейді
Павлодарлықтардың жылы аялдамалар жұмысына көңілі толмайды. Ыстық пен суықта пана болады деп салынған павильондардың кейбірі кешкі уақытта жабылып қалады. Ашық тұрғандары жылытылмайды. Тіпті кезбе адамдардың тұрақты мекеніне айналғандары да бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар" телеарнасына сілтеме жасап.
Автобуста бақылаушы болып жұмыс істейтін Гүлзат Әділшина қаладағы барлық аялдаманы біледі. "Жылы павильондар аязды күндері бір сәт аялдап, жылынып алуға қолайлы", - дейді ол. Алайда бәрі бірдей талапқа сай келмейді екен.
"Жылы аялдамалар жылы емес, салқын. Күн жылыда ашық тұрады, қалай аяз түседі, есігі жабық. ...Ішіне кіру мүмкін емес. Мас адамдар ұйықтап жатады", - деді ол.
Қоғамдық көлік күткен адамдар кейбірінің ішіне кіруге жиіркенеді. Аялдама, шынында да, ішімдікке үйір адамдардың тұрақты мекеніне айналғандай.
Облыс орталығында жылы аялдамалар баршылық. Дәл қазір халықты олардың саны емес, сапасы алаңдатады. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жағдайды бақылауға алған.
"Бүгінгі күні барлық жылы аялдама жұмыс істеп тұр. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары күн сайын мониторинг жүргізіп жатыр. Ешқандай шағым жоқ", - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Айнұр Сәдуақасова.
Павлодар қаласы бойынша жылы аялдамалар саны 12-ге жеткен. Төртеуі кәсіпкерлердің жеке қаражатына, қалғаны бюджет есебінен салынған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова