Павлодарда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жол қозғалысына қауіп төндіретін әрекет бейнеленген видео анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кадрда қала көшелерінің бірінде Honda көлігін тізгіндеген жүргізуші рөлді ұстамай көлік жүргізгені көрінеді. Мұндай әрекет жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіреді.
Полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтап, жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін оны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
"Жүргізуші анықталды. Оған жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылды. Жыл басынан бері жол қозғалысы қағидаларын бұзған 199 822 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова