Павлодарда жол апатынан екі адам қаза тапты

Павлодарда жол апатынан екі адам қаза тапты. Қайғылы оқиға Павлодар-Астана автожолының 12 шақырымында болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 қазан күні сағат 17.00-де Атамекен кентінен екі шақырымда Honda Еlysion маркалы автокөліктің жүргізушісі көлікті басқара алмай, жолдың жиегіне  аударылған. 

"Жол апаты салдарынан екі жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Жүргізуші мен оның екі жас баласы әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды", - деп хабарлады полиция департаменті.

Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.  

Облыстық жедел жәрдем станциясында хабарлама сағат 16:50-де түскенін хабарлады. Бригада оқиға орнына алты минутта жеткен. 

"Өкінішке орай, жедел жәрдем келгенге дейін екі адам көз жұмды: 1960 және 1990 жылы туған ер адамдар", - деп хабарлады станция.

Үш адам ауруханаға жатқызылған: 33 жастағы ер адам – Павлодар қалалық № 1 ауруханаға, ал алты айлық қыз бен алты жасар ұл облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!