Жаңа туған нәресте мен босанған әйелдің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 6 маусым күні сағат 23.00 шамасында 103 нөміріне шұғыл қоңырау түскен. Жүктіліктің 40 аптасында болған әйел су кеткенін айтқан. Диспетчер оған ең жақын фельдшерлік бригаданы бағыттады.
Жедел жәрдем шақыртуға жеті минуттан соң келді. Әйел адамның толғағы жиілей бастаған соң дәрігерлер оны сол жерде босандыруға дайындалған.
"Фельдшер алдымен 103 диспетчеріне барлық жағдай туралы хабарлап, мамандандырылған гинекологиялық бригаданы жіберуді өтінді. Бұл әйелдің бесінші рет босануы екенін ескеріп, біздің қызметкер жақсылап дайындалды. Абырой болғанда, барлығы асқынусыз өтті", - деді жедел жәрдем станциясы бастығының орынбасары Ольга Вербовая.
Салмағы 3,5 келі, бойы 55 сантиметрдей қыз бала дүниеге келген. Фельдшерлік бригада сәбиді 35 жастағы анасымен бірге №1 перзентханаға жеткізді.
Айта кетерлігі, бұл – жыл басынан бері жедел жәрдем қызметкерлері әйел адамдардың үйде немесе жансақтау бөлімінде босануына көмектескен 14-ші жағдай. 2023 жылы мұндай 12 жағдай болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!