Павлодарда 9-сынып оқушысы мектепте бұрыш баллонын шашып жіберген. Үш оқушы зардап шекті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
3 мамырда сағат 17:30 шамасында Павлодар қаласының полициясына қала мектептерінің бірінің үш оқушысы уланып, ауруханаға жатқызылды деген хабарлама түскен. Полиция қызметкерлері 16 жастағы 9-сынып оқушысы мектепке бұрыш баллон алып келгенін анықтады. Сабақ барысында ол сыныптастарымен бірге бұрыш баллонды сыныпта шашпақ болып келіскен. Сағат 11:35 шамасында достарының бірі кабинетте бұрыш баллонды шашып жіберген. Мұғалімдер болған оқиғаның мән-жайын білген соң кабинет желдетіліп, дымқыл ерітіндімен тазартылды. Екінші ауысымда осы кабинетте 6-сынып оқушылары оқыған. Сабақ барысында осы сыныптың кейбір оқушылары көз ашуы, бет қызаруы секілді белгілерді байқап, өздерін нашар сезінген.
Кезекші әкімшілік жедел жәрдем шақырып, сынып жетекшісімен бірге оқушылар ауруханаға жеткізілген.
"Осы дерек бойынша полицияда заңды өкілдер мен педагогтардың қатысуымен алдын алу кеңесінің отырысы өткізілді. Отырыс қорытындысы бойынша 15 жастағы оқушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша әкімшілік материал жасалды. Жасөспірімнің заңды өкіліне 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандармен құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу туралы алдын алу бойынша әңгіме жүргізілді", - деді полиция қызметкерлері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!