Павлодардағы №14 мектептің 9-сынып оқушысы өзінің сыныптасына бірнеше жерден пышақ сұқты. Оларды арашалап алмақ болған мұғалімді де екі жерден түйреп алған. Қазір жарақат алғандар алғашқы дәрігерлік көмектен кейін үйлеріне жіберілді. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға бүгін таңертең болды. Сабақ үстінде 9-сыныптың екі оқушысы сөзге келіп қалып арты төбелеске ұласқан. Сол кезде оның біреуі пышақ шығарып, екіншісіне сұғып алған. Жасөспірім оларды арашаламақ болып ортаға түскен 59 жастағы мұғалімге де суық қаруды сілтеген.
"Оқушы үш жерден пышақ жарақатын алды. Оның жауырын тұсы мен иығынан үш жерден пышақ кірген. Ал әйелдің иығы мен кеуде жағына тиген. Абырой болғанда пышақ қан тамырларына дарымаған. Сондықтан қан кетпеді. Жарақаттарын таңып үйлеріне жібердік амбулаториялық ем алады", - дейді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.
Осы оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Ал Павлодар білім беру бөлімі №14 мектеп басшылығына қатысты жауапкершілік шараларын қарастырып жатыр.
Е.Базарқұл
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!