Павлодарда есірткімен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері анықталды. Күдіктілер ұзақ уақыт бойы мессенджер арқылы есірткі сатқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің ҰҚКБ жедел уәкілдері Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық топтың құқыққа қарсы қызметінің жолын кесті.
"Топ мүшелері ұзақ уақыт бойы Telegram мессенджеріндегі интернет-дүкен арқылы есірткі заттарын өткізумен айналысқан. Топтың әр мүшесінде өз рөлі болған", - деп хабарлады департамент.
Интернет-дүкен тұрақты негізде "жылдамдық" психотроптық заттарды сатқан. Атап айтқанда, олар күн сайын 30-дан 50-ге дейін психотроптық заттардың қаптамасын түрлі жерлерге қалдырған. Топ мүшелері психотроптық заттарды гипс пен пластилинмен орап, тастардың астына жасырды.
Мәселен, 28 қазанда жедел-тергеу іс-шараларын өткізу барысында Павлодардың төрт тұрғыны, атап айтқанда, интернет-дүкен иесі, сату операторы, ораушы және курьер ұсталды.
Іс-шаралар кешенінің нәтижесінде, айыпталушылардың қылмыстық әрекеттері дәлелденді және заттай дәлелдемелер алынды.
"Есірткі және психотроптық заттарды өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды", - деді облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Бес күдіктіден психотроптық және есірткілік заттар, ұялы телефондар, сим-карталар, ноутбуктер тәркіленді.
Полиция департаменті есірткі қылмыстарымен байланысты қылмыстар жасағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілетінін ескертті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!