Павлодарда полицейлер есірткіге мас күйінде автобус айдаған жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңірде қоғамдық көлік жүргізушілері жол ережесін бұзған 53 дерек анықталған. Жүргізушілердің көпшілігі маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылады.
Тізгінде отырып ұялы телефон пайдаланғаны үшін тағы 13 адам жазаланды. Автокөлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 5 дерегі және мас күйінде автокөлікті жүргізудің екі дерегі анықталды. Айыппұл тұрағына 5 көлік қойылды.
"Павлодар қаласының Академик Шөкин көшесінде полиция қызметкерлері Volkswagen автобусын тоқтатты. Өйткені жүргізуші көлікті өте баяу жүргізгені полицейлердің назарын аударды. Медициналық сараптама жүргізушінің есірткіге мас күйінде көлік жүргізгенін растады. Аялдама кезінде автобуста жолаушылар болмаған. Жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды", – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Павлодар облысының Полиция департаменті жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын ұйымдарды, кәсіпорындар мен мекемелерді автобус жүргізушілерінің қауіпсіз тасымалдауын қамтамасыз етуге баса назар аударуды, жолдағы жүргізушілер құрамы мен автобустардың техникалық жағдайын бақылауды күшейтуді сұрайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!