Павлодарда ер адам көлігін ұрлауды өзі ұйымдастырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиғаның мән-жайы
2024 жылы тамызда Павлодар қаласының полициясына ер адам келіп, белгісіз адам оған тиесілі, құны 20 млн теңге тұратын Toyota Camri 75 маркалы көлігін тартып алғанын мәлімдеген.
Жәбірленушінің айтуынша, ол бейтаныс адамды Усолка өзенінің арғы бетіне апарған. Көліктен шыққан соң белгісіз адам оны ұрып, көлікке отырып кетіп қалған. Полиция бұл жайтқа қатысты тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, шаралар қабылдады.
Тергеу барысы
Тергеу барысында терең тексеріс жүргізілген. Бірінші кезекте көлік несиеде тұрғаны анықталыпты. Деректер базасын тексеру нәтижесінде 2024 жылғы сәуірде жәбірленушінің осы көлікті Ташкент қаласына апарып, бір күннен кейін Қазақстанға оралғаны, алайда қайтарда басқа көлікпен келгені белгілі болған.
Бұл жағдай тергеушіге күдік ұялатқан. Бұл уақытта жәбірленуші тергеушіге күн сайын қоңырау шалып, істі жедел тергеуді, қаскөйді анықтап, іс бойынша сотқа жолдауды талап еткен.
"Көрші елде де тиісті жұмыстар атқарылды: жаңа көлік иесі анықталып, тергеушінің күдігін растады. Сонымен қатар тергеу барысында жәбірленуші несиені төлей алмағаны белгілі болды. Ол "көлігім ұрланды" деп айтсам, несие өтеледі деп ойлаған", - дейді ПД өкілі.
Жәбірленуші көлікті бейнебақылау камераларына тіркеу үшін Астанадан шығып, 1 тамызда Павлодарға жалға алынған Toyota Camri 70 көлігімен келген.
Кейін ол 102 телефонына хабарласып, жоғарыда айтқандай көлігі ұрланғанын мәлімдеген.
Қазір ер адамға қатысты қасақана, жалған денонсация жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова