Павлодар тұрғыны көпқабатты үйдің кіреберісінде мысықты сабап тастаған. Келесі күні мысық өліп қалды. Полиция тергеуді бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодарлық жануарлар құқығын қорғаушылар Instagram желісінде қорғансыз жануардың аяусыз өлгені туралы айтып берді. Олардың айтуынша, үй тұрғыны аула сыпырушылар қоймасынан сол жерде тұратын мысықты шығарып алып, соққыға жыққан.
"Мысық келесі күні өліп қалды. Тұрғындар мен біз полицияға арыз жаздық", - деді қоғам белсенділері. Олар постта ер адам мысықты ұстап, баспалдақпен тез көтеріліп келе жатқаны көрсетілген видео жариялады. Кейін оны цемент еденге лақтырады, тепкілейді, содан кейін көтеріп, қолымен бірнеше рет ұрады.
Polisia.kz мәліметінше, бұл дерек Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімінде тіркелді. Ер адам анықталды. Жануарларға қатыгездікпен қарау дерегі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 316-бабы бойынша соталды тергеу басталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!