Павлодарда екі студенттің жүрегі тоқтап, көз жұмды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы Бас дәрігерінің ЕПЖ жөніндегі орынбасары Галина Сукончикке сілтеме жасап. Шұғыл ақпарат бойынша, қайғылы оқиғаның екеуі араға бір күн салып болған.
Жедел жәрдем дәрігерлерінің хабарлауынша, 17 қыркүйекте автобус аялдамасынан 16 жастағы жасөспірім ес-түссіз жатқан жерінде табылды. "Хабар өтіп бара жатқан адамдардан келіп түсті, олар жасөспірімнің көшеде кетіп бара жатып құлағанын айтты. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның көз жұмғанын анықтады. Бірақ жігіт ағзасының жас екенін ескерген олар жасөспірімді жедел жәрдем көлігіне салып, жансақтау шараларын жүргізе бастады. Бес минуттың ішінде ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді", - деді Сукончик.
Оның айтуынша, ауруханада жасөспірімге жасалған жансақтау шаралары тоқталған жоқ, алайда оны аман алып қалу мүмкін болмады. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімнің жүрегі тоқтап қалған.
Дәрігерлердің болжамы бойынша, екі жағдай да дәл осындай себеппен болды, павлодарлық мұнай-газ колледжінің 19 жастағы студенті тақта алдында жауап беріп тұрып, құлаған. "18 қыркүйекте сағат 15.19-да білім беру мекемесінен хабар келіп түсті, олар сабақ барысында студенттің өзін нашар сезініп, құлағанын хабарлады. Дәрігерлер жеткенде жасөспірім клиникалық өлім жағдайында жатты. Оқиға орнында өкпе-жүрек реанимациясы жасалып, ауруханаға барар жолда жалғасты", - деді Сукончик.
Бірақ бұл кезде де дәрігерлер ештеңе істей алмады. Қазіргі таңда жасөспірімнің нақты неден қаза болғаны анықталып жатыр. Оның бұрын жүрегінің ауырмағаны белгілі болып отыр және медициналық тексеру барысында да дені сау болған.