Павлодар облысының Мемлекеттік сатып алу басқармасы Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылында 1 миллиард теңге сомасына гидромелиоративтік жүйені қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүргізуге хабарландыру жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Павлодар облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Осыған ұқсас осы ауданның Қаныш Сәтбаев ауылында гидромелиоративтік жүйені қайта жаңартуға 1,2 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінді. Екі жағдайда да жобалау-сметалық құжаттамада дамбаны қайта жаңарту көзделген.
Осы жұмысты жүргізуге қойылатын біліктілік талаптарында мемлекеттік лицензиясыз, яғни тиісті білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқ шаруашылық жүргізуші субъектілер жіберілген, алайда бұндайға жол берілмейді. Қадағалау актісі бойынша жарияланған конкурстың қорытындысы шығарылғанға дейін күші жойылды, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.
Павлодар облысының прокуратурасы жыл басынан 4,4 миллиард теңгеге 25 мемлекеттік сатып алудың күшін жойды. Қазіргі уақытта прокуратура 2024 жылға арналған бюджеттік жоспарлау сатысында шаралар қабылдап жатыр.
Мысалы, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бюджеттік өтінімінде Аққулы ауданындағы Тосағаш және Майқарағай ауылдарында 25 млн. теңге сомасына балалар алаңдарын жайластыру жоспарланған.
Осы өтінімдерді зерделеу екі ауылдық округте бірдей ойын кешендеріне 50 пайызға жуық қымбаттатылған түрлі баға ұсыныстарын қолданғанын көрсетті. Бұл дерек бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!