Павлодар облысында Ертіске батып бара жатқан екі баланы полиция қызметкері соңғы сәтте дер кезінде жетіп, оларды жағаға шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар облысында 5 қазанда сағат 16.00 шамасында 12 жастағы Аспандияр мен 11 жастағы Қуаныш мектептен кейін Ертіс өзенінің жағасында серуендеп жүрген. Сол сәтте Қуаныш жарға тым жақын келіп, суға құлап түскен. Оның жүзе алмайтынын білген Аспандияр досын құтқару үшін суға түскен.
Суға батқан қос баланы полиция қызметкері Азамат Саянов құтқарып қалды.
"Менің мақсатым суға батып бара жатқан балаларды құтқару болды. Маған бұл қиын болған жоқ, себебі бала кезімнен жүзумен айналысамын. Әрбір азамат осылай жасайтын еді деп ойлаймын", - деді полицей.
Полиция аға сержанты ішкі істер органдарында 2017 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!