- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодарда бірнеше елді...
Павлодарда бірнеше елді мекен тұрғындары жылуға жарымай отыр
Павлодар облысы Железин ауданына қарасты Прииртышск ауылындағы екі қабатты тұрғын үйде тұратын жандар жылуға жарымай отыр. Бұл баспаналарда елу пәтер бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өткен аптада аяз басталғанда елді мекеннің орталық жылу желісінде апат болып, үйлерде жылу теңгерімі төмендеп кетті. Сол кезде тұрғындар әлеуметтік желіде жыларман жағдайларын айтып облыс әкімі Асайын Байхановқа үндеу жолдаған.
"Аталмыш зақым кеше бірден қалпына келтірілді. Жалпы инженерлік желілер кейбір жерде тозған, сондықтан зақымдар болуы мүмкін, бірақ біз барлық күшті жұмылдырып, бүкіл аудан бойынша тәулік бойы бақылау жүргізудеміз. Сондай-ақ, мұндай жағдайлар анықталса, оларды жедел шешетін боламыз", - дейді Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов.
Әйтсе де, тұрғындармен бүгін хабарласқанымызда үйге келіп тұрғын жылу параметрінің әлі де болса төмен екенін айтты.
Айта кетерлігі, екі апта бұрын осы Прииртышск мектебі бір жұма жылусыз қалды. Мамандар ақауды анықтап қалпына келтіргенше оқушылар онлайн білім алуға мәжбүр болды. Ал, өткен аптада ауылдың дәрігерлік амбулаториясы суып кетті. Белгілі болғандай, мектепті жылтамыз деп сорғы орнатқаннан болып медициналық мекемеге жылу жетпей қалған. Сондай-ақ, Павлодар өңірінде аяз түскелі Екібастұзға қарасты Шідерті кентінің бір бөлігі де жылу зардабын тартып отыр. Шевченко көшесінің тұрғындары бірнеше күннен бері тоңып отыр.
Тұрғындардан шағымдардың түсіп жатқанын растаған Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі, мәселенің мәнісін анықтау үшін ертең арнайы мамандар баратынын айтты. Демек, Шідерті кентінің тұрғындарына мынау сақылдаған сары аязда тағы бірнеше күн төзе тұруға тура келеді.
Е.Базарқұл
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы