Павлодарда бір топ жігіт жаппай төбелес ұйымдастырған. Полиция қызметкерлері құқықбұзушыларды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қазанда сағат 00:54-те инспектор Марал Артықбаева Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларын қарап, Усолка шағынауданындағы мейрамханалардың біріне қарама-қарсы жерде төбелес болып жатқанын байқады. Бұл мекенжайға дереу автопатруль жіберілді.
"Полиция қызметкерлері жанжалға қатысқандарды ұстады. Олар жеке басын анықтау және оқиғаның мән-жайын білу үшін Оңтүстік полиция бөліміне жеткізілді. Сонымен қатар, ұсақ бұзақылық жасағаны және тыныштықты бұзғаны үшін әрқайсысына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434 және 437-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жіберілді", - деді Павлодар қаласы Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Айта кетейік, биыл Павлодар облысында полиция қызметкерлері ұсақ бұзақылықтың 903 дерегін және тыныштықты бұзудың 4135 дерегін анықтады. Қала аумағында орталыққа қосылған 117 ЖБО бақылау камерасы және 5000-ға жуық оператор орнатылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!