Павлодарда бөбекжай-бақшалардың қаражатын жымқырғандар сотталды. Олар үш түрлі мекемеде жұмыс істеп, 50 миллионнан астам теңгені өз қалталарына салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
№2 қалалық сот қысқартылған тәртіпте адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өзінің қызметтік бабын пайдаланып, бөтеннің мүлкін иемдену, яғни жымқыру фактісі бойынша ірі және аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған қылмыстық істі қарады.
"2022 жылдың қаңтарынан бастап 2024 жылдың наурызына дейінгі кезеңде №4 бөбекжай-бақшасының бухгалтері Б.А. шаруашылық меңгерушісі Б.Ж.-мен алдын ала сөз байласып, өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, есептік-төлеу туралы тізімді заңсыз жасап, өзінің және шаруашылық меңгерушісінің банктік шотына заңсыз ақша аударған. Сонысымен мемлекетке жалпы сомасы 41 миллион теңгеден астам мөлшерде материалдық залал келтірген", - деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз орталығы.
Алайда, қылмыскерлер осымен тоқтаған емес. Бухталгер осыған ұқсас қылмыстық схеманы пайдаланып, 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың мамыры аралығында қалалық №7 бөбекжай-бақшасының бухгалтері болып қызмет атқарып, жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.
Сондай-ақ, Павлодар қаласында қашықтықтан жұмыс істеп, Аққулы ауданындағы "Қызғалдақ" бөбекжай-бақшасының бухгалтері бола тұра, 2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың мамыры аралығында жалпы сомасы 7 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.
Прокурор сотталушының екеуіне де 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілердің өкілдері жазаны соттың қалауы бойынша тағайындауды, талап қоюларды толық көлемде қанағаттандыруды сұрады. Сотталушылар кінәларын мойындап, өкініп, бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады.
"Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті, өз қызметтік бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін заңда негізгі жаза ретінде жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды – кінәсін толық мойындауды, шын жүректен өкінуді, оң мінезделуін, келтірілген зиянды ішінара өтеуді, Б.А.-ның бес жас баласының болуын ескере отырып, Б.А.-ны мемлекеттік ұйымдарда 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырумен, Б.Ж.-ны 5 жыл мерзімге мемлекеттік ұйымдарда қаржылық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырумен, әрқайсысына 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!