Павлодарда балықтар уылдырық шаша алмай қалды

Биыл көктемде Ертіс өзені арнасынан аспады. Су мейілінше жайылмаған соң балықтардың уылдырық шашуына кедергі келді. Салдарынан алдағы 2-3 жылда су жәндіктердің өсімі төмендейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

16-сәуірден бастап Шығыстағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне 22 күнге созылатын су босату жұмыстары басталған. Алайда, бекітілген кестеден ауытқушылық болды. Қазіргі күні Үлбі және Уба өзендерінің арнасында су деңгейі төмен. 20-сәуірден бастап төрт тәулік бойы секундына 3000 текше метр су босатылуы тиіс еді. Алайда 500 текше метрге аз жіберілген. Сонымен бірге, Семей қаласындағы Ертіс бассейні инспекциясы 20-сәуірден бастап Бұқтырма су қоймасынан орташа есеппен секундына 500 текше метр су жіберудің орнына 381 текше метр су босатыпты.

"Биыл су аз жіберілді. Ойпатта орналасқан Аққулы, Тереңкөл және Железин аудандарында ғана су аздап жайылды. Оның өзінде су көп тұрмады. Ал, басқа аудандарда тіптен құрғақ. Бұл жағдай балықтардың өсіміне кері әсерін тигізеді. Өйткені, балықтар таяз жылы суда уылдырық шашады. Кейбір түрлері тіпті уылдырық шашып үлгерген де жоқ. Өйткені, аз жайылған су көп тоқтамады", - дейді Зайсан-Ертіс бассейні облыс аралық инспекцияның бас маманы Василий Павлов.

Маманның пікірінше, алдағы 2-3 жылда Ертіс өзенінде балық басы күрт азайып кетсе оған таңданыс жоқ. Өткен айдың соңында Мәжіліске Павлодар облысынан сайланған депутаттар Ертіске судың аз босатылып жатқанын айтып, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүйлейменоваға хат жолдаған еді. Министрлік жағдайды түзетіп, суды жіберу көлемін арттырамыз деген. Алайда, уәде сөз жүзінде ғана қалып қойған секілді.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!