Павлодарда жыл басынан бері 415 млн теңге сомасына алимент қарызы өтелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Павлодар облысында прокурорлар мүдделі органдармен бірлесіп, немқұрайлы ата-аналардан балаларды асырауға алимент қарызын тұрақты негізде өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
"Бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды, соның нәтижесінде 68 борышкер жұмысқа орналасты, 240 борышкерге жұмыспен қамту органдарына есепке қою туралы хабарлама берілді. Алимент төлемейтіндердің 33-інде жүргізуші куәлігі тоқтатылды. Қасақана борышкерлерге тиесілі көлік құралдарын табу және ұстау бойынша бірлескен рейд барысында борышкерлердің 6 көлігі айып тұрағына қамалды, ол бойынша 5 млн теңгеге борышы өтелді. 10 млн теңге сомасына 5 жылжымайтын мүлік өндіріп алушыларға қарызды өтеу есебіне берілді", - делінген хабарламада.
Алимент төлеу міндетін орындамағаны үшін 180 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 2 жылға дейінгі мерзімге шектеу не бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін ҚК 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде 58 ұсыныс жіберілді. 18 борышкер сотталды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!