Павлодарда балалар екі автокөлік пен скутерді жағып жіберген

Павлодарда балалар екі автокөлік пен скутерді жағып жіберген. Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі бала қаладағы гараж кооперативі автотұрақтарының бірінде өртеу арқылы Mitsubishi Montero Sport маркалы автокөлікті қасақана жойғаны анықталды. Иесіне шамамен алты миллион теңге шығын келтірілген. 

"Тағы бір жағдайда екі кәмелетке толмаған бала облыс орталығының Майра көшесіндегі үйдің кіреберісінің жанында скутерді әдейі өртеп, өрт Chevrolet Tracker маркалы автокөлікке жайылған. Жасөспірімдер өз әрекеттерімен жәбірленушіге шамамен 10 миллион теңге материалдық шығын келтірді. Жасөспірімдер скутерді іске қоса алмағаны анықталды, содан кейін бактан бензин төгіліп, өртке ұласқан", - деп хабарлады департамент. 

Болған оқиғаның себептері мен мән-жайлары тергеу барысында анықталады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!