Павлодарда ауыл клубының төбесі опырылып түсті

Павлодарда ауыл клубының төбесі опырылып түсті
Фото: Автордан

Павлодар облысы Май ауданы Кеңтүбек ауылында мәдениет үйінің төбесі ортасына опырылып түскен. Ғимараттың жөндеуі небәрі үш жылға ғана шыдаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауыл клубына 2019 жылы жөндеу жүргізіліп, төбесі ауыстырылған болатын. Оған аудан бюджетінен 7 миллионнан артық қаржы жұмсалды. Әйтсе де, қайта жасалған төбе жабындысы біртіндеп сөгіліп, ішіне құлап түскен. Абырой болғанда адамдар аман.

"Алдымен шеттерінен бастап опырыла бастады. Сол кезде мен аудандық басшылардың бәріне хабар бердім. Аудандық әкімшілікке, өзіміздің мәдениет бөлімі басшыларының бәріне көрсеттім, "мәдениет үйінің төбесі апаттық жағдайда тұр" деп. Содан көп ұзамай екі айдан кейін төбесі ортасына құлап түсті. Таңғы бесте күзетші маған хабарласып төбенің құлап түскенін айтты. Құдай сақтап басқа адамдар болмаған", - дейді Кеңтүбек ауылы мәдениет үйінің әдіскері Амангелді Сағай.

Мәдениет үйіне жөндеу жүргізген мердігер қалпына келтіруден бас тартқан. Қазір Май ауданы әкімдігі компанияны сотқа беру үшін құжаттар әзірлеп жатыр.

 Сот процесінің ұзаққа созылар түрі бар. Ал, ауыл тұрғындары клубтарын тез жөндеп беруді сұрайды. Аудандық билік сот шешімдерін күтпей-ақ қайтадан жобалық сметалық құжаттама жасап, бюджетке ұсынуды қарастырып жатыр.

Е.Базарқұл       

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы