Павлодарда артемия шаянын өңдейтін жасырын цех анықталды

Павлодарда артемия шаянын өңдейтін жасырын цех анықталды
Фото: turonbank.uz

Павлодар облысында Artemia salina шаянын өңдейтін жасырын цех анықталды. Онда жалпы көлемі 25 тоннадан асатын өнім тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақсу қаласының далалық аймағында адамдар тобы рұқсат құжаттарсыз өндірілген артемияны тазалаумен айналысқаны анықталды.

"Балық ресурстарын заңсыз өндіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Мөлшері 25 тоннадан асатын 500 қап өнім тәркіленіп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Табиғи ресурстарды заңсыз өндірудің алдын алу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр", - деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы. 

Ал жуықта өңір полицейлері 16 қап артемия шаяны тиелген автокөлікті тоқтатқан. Полицейлер балық ресурсын заңсыз өндіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан