Павлодарда арбадағы мүгедектер де суға шомыла алады

Павлодар қаласының орталық және Усолка жағажайларында арбадағы мүгедектер де суға шомыла алатын болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы арба беріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұндай сервис бұрын соңды тәжірибеде болмаған. Арбаның суға дейін енуіне арналған тақтайлы жол болады және ол аумақ аса терең емес. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі үшін екі жағажайда кішкентайларға арналған бассейндер болады. Жалпы облыс аумағында 170-тен аса бассейн орнатылады.  

"Жағажайлардың жазғы маусымға дайындау барысында ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі ескеріледі. Өңірімізде адамдардың суға көп кетуіне байланысты кішкентай балалар үшін жағалауларда бассейн салынбақ. Сондай-ақ, жаңадан 8 су ішетін бұрқақ, 4 жуынатын орын, 3 күнқағар, 300-ден астам шезлонг, 7 киім ауыстыратын орын және 2 әткеншек орнатылады", - дейді Павлодар қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Арман Құсайынов.   

2022 жылғы шомылу маусымында жүргізілген профилактикалық жұмыстардың арқасында су айдындарындағы адам өлімі 3,2 есеге азайды. Мәселен, былтыр 8 адам, оның ішінде 1 бала суға батып кетсе, 2021 жылы 26 адам, оның ішінде 5 бала мерт болды. Өткен жылғы шомылу маусымында 9 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды. Биыл Павлодар облысында коммуналдық жағажайларға қызмет көрсету және абаттандыру үшін 156 млн 600 мың теңге бөлінген.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!