Павлодарда IT маманы қызғалдақ өсіріп жүр
Павлодар облысында ІТ маманы ауылда қызғалдақ өсіріп жүр. Оның шағын жылыжайында көктем гүлінің 16 түрі жайқалып тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
25 жастағы Махмуд Тұрсын ақпараттық технологиялар саласын алты жыл оқыған магистр. Алайда ол, ауылға бет бұруды жөн көрді. Өйткені, бес жылдан бері Нидерланд елінен қызғалдақтар әкеліп сатып жүрген. Былтыр көктем гүлін өзі өсіріуге бел буып, ата-анасы тұратын Қараоба ауылында 300 шаршы метр болатын жылыжай салды. Оған қызғалдақтың голландтық тұқымдарын алып келіп өсірді. Желтоқсан айында отырғызған тұқым міне алғашқы өнімін беріп жатыр. 100 мың түп қызғалдақ қазірдің өзінде алдын ала тапсырыспен сатылып кеткен.
"1 млн 200 мың теңге қайтарымсыз грант алғанмын, оған қажетті құрал жабдықтар сатып алдық. Ал, қалған қаражат серіктесім екеуміздің өз инвестициямыз. Ауылдағы өмірді өзім сияқты жас жігіттерге, жас адамдарға көрсетіп, осы ауылдың керемет екендігін дәлелдеп, ауылға жаңа кісілерді тарту мақсатым болды", - дейді қызғалдақ өсіруші Махмуд Тұрсын.
Қызғалдақ негізінен қыр гүлі болғандықтан келешекте оны ашық аспан астында далада өсіріп көрмек ойы бар. Кәсіпкер қазір осы кәсібі арқылы 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қызғалдақ өсіру бір тоқсандық кәсіп. 8 наурыздан кейін жылыжай гүлден босайды. Ал, одан кеінгі уақытта жылыжай бос тұрмас үшін қияр мен қызанақ егіуді бастамақ.
Е.Базарқұл
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz