Павлодарда сүндеттеу кезінде дәрігерлер жіберген қателіктен 5 жасар бала ауыр жарақат алды. Баланың анасының айтуынша, хирург жыныс мүшесінің басының бір бөлігін кесіп тастаған. Зардап шеккен бала Павлодардан Астананың Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Баланың анасының шағымы kerek.pv Telegram-арнасында жарияланды. Әйелдің айтуынша, 23 тамызда ол ұлын мұсылман дәстүрі бойынша сүндетке отырғызуға әкелген.
"Балалар хирургының дәрігерлік қателігі мен қылмыстық немқұрайдылығынан ұлымның жыныс мүшесінің үштен бір бөлігі кесілді, өмірлік маңызды органы зақымданды, бұл - оның болашағы мен абыройы.
Баламның жағдайы қазір ауыр, оған екі катетер орнатты, дәрігерлер хирург зәр шығару жолын, уретраны да зақымдағанына байланысты болжам туралы ештеңе айтпай жатыр", - деп жазды павлодарлық әйел.
Әйелдің айтуынша, ұлына ота жасалған Павлодар облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі дәрігерлік қателік жібергенін мойындаған.
Әйел ұлының денсаулығын қалпына келтіріп, кінәлілерді жазалауды талап етеді.
Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері оқиғадан хабардар екенін атап өтті.
"Бұл дерек бойынша комиссия құрылып, қызметтік тексеру жүргізілетін болады, оның нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады. Бұдан басқа, осы жағдай бойынша жоспардан тыс тексерісті бастау үшін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне хат жолданды", - деп түсіндірді өңірдің денсаулық сақтау басқармасы.
Ведомство балаға операция жасаған хирург жұмысқа жаңадан келген маман емес екенін айтты.
"Осы операцияны жасаған маманның 13 жылдық еңбек өтілі, сондай-ақ, "балалар хирургиясы" мамандығы бойынша I біліктілік санаты бар. Қазір дәрігер жедел хирургиядан шеттетілді", - деді Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Ведомствоның мәліметінше, қазір бала Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының урология бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!