- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Павлодарда 43 елді...
Павлодарда 43 елді мекенді су басу қаупі бар
Павлодар облысындағы 43 елді мекенді су басу қаупі бар. 25 ауылға еріген қар суынан қатер келетін болса, қалғандарын Ертіс өзені тасыған кезде су шайып кетуі мүмкін. Бұл елді мекендерде 10 мың 616 адам тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарғын су басуы ықтимал аудандар Баянауыл, Май, Ақтоғай, Павлодар аудандары және Ақсу қаласының ауылдық аймағы. Биыл көктемгі су тасқынының алдын алу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 256 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, жағдай ушыққан жағдайда резевте тағы 491 млн теңге бар. Павлодар облысында биыл қыста қар 15 см ғана қалыңдықта түскен. Бұл жылдағы нормадан аз. Десе де, жер қыртысы қалың қатқандықтан судың сіңбей, тасқын болуы әбден мүмкін.
"Жер қыртысы 162 см-ге дейін қалың қатқан. Бұл кері әсерін тигізеді. Тоң болып қатып қалған топыраққа судың сіңіп кетуіне бөгет. Осы факторлар еріген қар суының төңірекке ағып ауылдардың ауласына жетуіне әкеп соғады", - дейді Павлодар облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Айжас Сабыржан.
Тағы бір қауіп Қарағанды облысындағы Қаратоқай және Ақжар су қоймаларынан келеді. Ол жақта қар көбесі әлі сөгілмегендіктен, бөгеттегі су деңгейі белгісіз. Бес жыл бұрын Ақжар су қоймасынан тасқын су жарып шығып, Баянауыл ауданының бірқатар ауылдары су астында қалғаны жұрттың әлі есінде. Одан кейін, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы қоймаларынан Ертіске су жіберген кезде арнасынан асып жиектегі ауылдарға қатер төндіреді. Ақтоғай ауданында Сілеті өзені тасыса қауіп бар. Өңірдің құтқарушылары "жағдай жіті бақылауда", деп сендіріп отыр. Дегенмен, жаман айтпай жақсы жоқ.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы