"Қазақ аналары – дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Апсаттарова шала туған қызын қалай тымаққа салып өсіргенін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
"Ертеде ата-бабаларымыз сәби дүниеге мерзімінен бұрын келгенде тымаққа салған. Нәресте тым кішкентай болған соң оны бесікке бөлеуге немесе құндақтап орап, қолға ұстауға да келмеген. Сондықтан үлкендердің тымағына салып, киіз үйдің керегесіне іліп қойып отырған. Құйтақандай әлсіз бөбек неше күн жетпей ерте дүниеге келсе, сонша күн тымақта күтіп баққан", - дейді ол.
Сәбиді көп жасаған, киелі адамдардың тымағына салған. Түлкі тымақ жылы әрі баланың еркін қимылдауына ыңғайлы болған. Әсіресе баланың қатты ұйықтап кетпеуіне ерекше көңіл бөлінген, себебі оның қайтадан оянбай қалу қаупі болған. Сол себепті аң терісінен тігілген тымақтың қылы баланың денесін жыбырлатып, оның жиі оянып, қимылдауына септігін тигізіп отырған.
Бала тиісті мерзім өткеннен кейін керегенің басындағы тымақтан алынып, әдеттегідей бесікке салу рәсімі өткізілген.
"Тұңғыш қызымның салмағы 1700 грамм ғана болды. Жеті айлық болып туды. Тым кішкентай болған соң атамның тымағына салып өсірдім. Енемнің көзі көрмейтін еді, бірақ қалай істеу керек екенін айтып отыратын. Мұндай балалар ерекше күтімді қажет етеді", – дейді Айжан Апсаттарова.
Мерзімінен ерте дүние келген сәбиін күніне екі рет: таңертең – тұзға, кешке – марганцовка қосылған жылы суған шомылдырып отырған. Баланың денесінде бөртпелер болмау үшін арасында лавр жапырағы салынған суға жуындырған.
"Әрине, қазіргі дамыған заманда шала туған балаларды перзентханаларда "кувез", "инкубатор" деген арнайы қондырғыларға салады. Сол жерде тиісті мөлшерде оттегін алып, жылы жатады. Ал бұрында ата-бабаларымыздың даналығымен қиын-қыстау кезеңнің өзінде талай шала туған сәбилер сол бір "тымаққа салу" дәстүрі арқылы аман қалған", - деп еске алады Айжан Апсаттарова.
Бүгінде ақ жаулықты әже шала болып туған қызынан үш жиен сүйіп отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!