Ұзақ жылдар бойы баспаналарын жекеменшікке өткізе алмай жүрген павлодарлықтарға көмек көрсетілетін болды. Қалалық прокуратура жергілікті билікпен бірлесіп қолға алған акция кезінде құжаттарды рәсімдеу ісі едәуір жеңілдеді.
Мұндай көмек 20-30 жыл бұрын өндірісте еңбек етіп, баспаналы болғандарға көрсетілмек. Өйткені зауыттан алған пәтерді жекешелендіруге келгенде кедергі көп. Оған өнеркәсіптердің жұмысы тұралаған 90-жылдары кеткен салғырттық себеп екен.
Наталья және Николай Сакиркиндер үш бөлмелі пәтерді зауыттан алған. Алайда жекеменшікке өткізе алмапты. Қолдарында үйдің ордері бар. Бірақ оны растайтын келісімшарт мұрағатқа өткізілмеген. Бұл мәселе араға жиырма төрт жыл салып шешімін тапты.
Сократ Жүргенов, Қалалық прокуратураның бөлім басшысы: - Біз алдымен пәтерді мәліметтер қорынан іздейміз. Бірақ мұрағаттан да басқа мекемеден де таба алмадық. 90-жылдары көптеген кәсіпорын құжаттарды мұрағатқа тапсырмапты. Павлодарда мұндай пәтерлер өте көп.
Ардақ Торсықбаев, Қала әкімінің орынбасары: - Өтініш берген адамдардың келісімшарттарының уақыты өтіп кеткен. Соған байланысты уақыттарын ары қарай жалғастыру үшін көбі осы өтінішпен келген. Бірақ ескі бұйрық бойынша бөлім қызметкерлері келісімшарт жасаудың алдында арнайы мұрағаттық анықтаманың келісімшарттарын жасамаған.
Меншік құқығына қол жеткізе алмаған тұрғындар сотқа жүгінеді. Прокуратура да бұл істен шет қалмады. Олар жергілікті билікпен бірлесіп, қолға алған «Жекеменшік құқығы» акциясының шеңберінде комиссия құрып, құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетуге шешім қабылдады.
Аспандияр Темірболатов, Қалалық әкімдіктің ТКШ бөлімі тұрғын үй секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы: - Бізге қазір тек құқық белгілеуші құжаттар керек. Оның ішінде ордердің түпнұсқасы немесе баспана берушінің шешімі және сол шешім жайында мұрағаттан анықтама керек. Осыларды негізге ала отырып, құжаттарын береміз.
Сакиркиндер отбасының мәселесі өз шешімін тапты. Баспананы жекеменшіке өткізу туралы ұсыныс мамандардан түскен.
Наталья Сакиркина, қала тұрғыны: - Бізге құжаттарымыздың жекешелендіруге өткені туралы айтты. Жалдау шарты осы айдың 28-інде қаралады. Біздің құжаттарымыз жалдау келісіміне енді. Нәтижесін күтеміз.
«Жекеменшік құқығы» шарасының мақсаты – шаһардың тұрғын үй қорындағы олқылықтарды реттеу», - дейді мамандар. Арнайы комиссия 900 тұрғынның өтінішін қарап, оның жартысынан астамына қатысты оң шешім шығарды.
Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий
Дереккөз: 24.kz